Жариялау этикасы

Жалпы ережелер

«ILIM» халықаралық ғылыми-педагогикалық журналы ғылыми зерттеу нәтижелерін жариялауда академиялық адалдық, ғылыми объективтілік, ашықтық және кәсіби жауапкершілік қағидаттарын ұстанады.

Журналдың жариялау этикасы Жариялау этикасы жөніндегі комитеттің (Committee on Publication Ethics – COPE), Ашық қолжетімді журналдар каталогының (Directory of Open Access Journals – DOAJ) және Ашық қолжетімді ғылыми баспалар қауымдастығының (Open Access Scholarly Publishers Association – OASPA) ұсынымдарына негізделеді.

Жариялау этикасы ғылыми нәтижелердің сенімділігін қамтамасыз етуге, авторлық құқықтарды қорғауға және редакциялық шешімдердің әділ қабылдануына бағытталған. Оның талаптары бас редакторға, редакциялық алқа мүшелеріне, авторларға, рецензенттерге және жариялау үдерісіне қатысатын өзге де тұлғаларға қолданылады.

Авторлардың жариялау этикасы

Авторлар редакцияға бұрын жарияланбаған, өзіндік ғылыми нәтижелері бар және журналдың ғылыми бағыттарына сәйкес келетін қолжазбаларды ұсынуға міндетті.

Авторлар мынадай этикалық талаптарды сақтауы тиіс:

- Зерттеу нәтижелерінің шынайылығын, қолданылған әдістердің негізділігін және ғылыми тұжырымдардың дәлелділігін қамтамасыз ету.

- Басқа зерттеушілердің еңбектерін, идеяларын, ғылыми нәтижелерін немесе өзге материалдарын пайдаланған жағдайда тиісті дереккөздерге сілтеме жасау.

- Ғылыми деректерді қолдан жасауға, әдейі бұрмалауға және зерттеу нәтижелерін жаңсақ түсіндіруге жол бермеу.

- Бір қолжазбаны бір мезгілде бірнеше ғылыми басылымның қарауына ұсынбау.

- Рецензенттердің ғылыми негізделген ескертулерін қарастырып, енгізілген түзетулер бойынша дәлелді жауап беру.

- Қолжазбада немесе жарияланған мақалада елеулі қателер анықталған жағдайда редакцияға хабарлау.

Авторлар зерттеудің шектеулерін ашық көрсетуге және алынған деректермен расталмайтын ғылыми қорытындылар жасамауға міндетті.

Авторлық үлес және авторлық құқық

Ғылыми мақаланың авторлары ретінде зерттеу жұмысына елеулі ғылыми немесе зияткерлік үлес қосқан тұлғалар көрсетіледі. Авторлық үлес зерттеуді жоспарлау, әдістемесін әзірлеу, деректерді жинау мен талдау, нәтижелерді түсіндіру және қолжазбаны ғылыми тұрғыдан дайындау арқылы анықталады.

Авторлар құрамына зерттеуге нақты үлес қоспаған тұлғаларды енгізуге немесе елеулі үлес қосқан зерттеушілерді негізсіз алып тастауға жол берілмейді. Қолжазбаның соңғы нұсқасы барлық авторлардың мақұлдауынан кейін редакцияға ұсынылады.

Бірнеше автор қатысқан жағдайда редакциямен байланыс жүргізуге жауапты автор белгіленеді. Қолжазба ұсынылғаннан кейін авторлар құрамын немесе олардың ретін өзгерту барлық авторлардың келісімімен және редакцияға жазбаша негіздеме ұсыну арқылы жүзеге асырылады.

Авторлар өз ғылыми еңбектеріне қатысты авторлық құқықтарын сақтайды. Мақалаларды жариялау және пайдалану шарттары журналдың авторлық құқық пен ашық қолжетімділік саясатына сәйкес реттеледі.

Редакциялық алқаның жауапкершілігі

«ILIM» журналының редакциялық алқасы қолжазбаларды объективті қарауды, ғылыми сараптаманың тәуелсіздігін және жариялау туралы шешімдердің әділ қабылдануын қамтамасыз етеді.

Мақаланы жариялау туралы шешім авторлардың ғылыми дәрежесіне, лауазымына, жұмыс орнына немесе жеке ерекшеліктеріне қарамастан, зерттеудің ғылыми мазмұны мен рецензиялау нәтижелеріне негізделеді.

Редакциялық алқа қолжазбаларды қарау барысында алынған ақпараттың құпиялылығын сақтауға міндетті. Жарияланбаған ғылыми материалдарды авторлардың келісімінсіз жеке зерттеулерде немесе өзге мақсаттарда пайдалануға жол берілмейді.

Редакция жариялау этикасының сақталуын қадағалайды және этикалық талаптардың бұзылуына қатысты негізді өтініштерді қарастырады.

Рецензенттердің жауапкершілігі

Рецензенттер қолжазбаның ғылыми мазмұнын, зерттеу әдістерінің негізділігін, алынған нәтижелердің сенімділігін және қорытындылардың дәлелділігін объективті бағалауға міндетті.

Рецензенттердің ескертулері ғылыми дәлелдерге негізделуі тиіс. Авторлардың жеке басына қатысты сын айтуға, кемсітушілік сипаттағы пікір білдіруге және ғылыми бағалауға қатысы жоқ талаптар қоюға жол берілмейді.

Рецензиялауға ұсынылған қолжазбалар құпия материал болып есептеледі. Рецензенттер оларды үшінші тұлғаларға жария етпеуге және алынған ақпаратты жеке мүдделеріне пайдаланбауға міндетті.

Қолжазбада плагиат, деректерді бұрмалау немесе ғылыми адалдықтың басқа да бұзушылық белгілері анықталған жағдайда рецензент редакцияға хабарлауы тиіс.

Қолжазбаны объективті бағалауға кедергі келтіретін мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда рецензент редакцияға хабарлап, оны қараудан бас тартуға міндетті.